Байқоңыр қазақша «сөйлей» бастамақ

Алдағы уақытта Байқоңыр қаласының барлық мектебінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті оқытылатын болады. Бұл жаңашылдық Ресей стандарттары бойынша жұмыс істейтін оқу орындарының бәрінде болады. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Мұндай шешім Қазақстан және Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысында қабылданған. Жалпы, Байқоңырда 5 мектеп қазақстандық стандарт бойынша, тағы 7 мектеп ресейлік стандарт бойынша оқытады. Көрші ел стандартымен оқытатын мектептерде еліміздің екі мыңнан астам баласы білім алады.

– Қазіргі уақытта бұл пәндер Янгель атындағы №7 мектепте енгізілген. Оқыту 5, 6, 8 және 9-сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Алдағы уақытта бұл оқу пәндері Байқоңырдың қалған ресейлік мектептерінде де пайда болады, – дейді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жадыра Алданова.

«Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай барлық мектептегі балалардан сауалнама жүргізілетінін айтты.

«

– Тілек білдіргендер осы пәндер бойынша оқытылады. Ресей тарапы кітаптармен, мұғалімдермен толық қамтамасыз етеді. Бұл біздің балаларымызға, қала балаларына біздің қазақстандық жоғары оқу орындарында әрі қарай оқуға жақсы мүмкіндік береді. Өзгерістер тек білім беру саласына әсер еткен жоқ. Олар Байқоңырда да болды, – деді ол.

Білім саласынан бөлек, Байқоңыр көшелерінде қазақ тіліндегі маңдайшалар, жарнамалық және ақпараттық тақталар пайда болды. Көшелерге қазақ ақындары мен соғыс батырларының есімдері берілген. Сондай-ақ, қалада Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері атап өтіледі.