Карантин ұзартылып, бетперде тағу міндеттелді
Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, өңірдегі карантин режимі 17-тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы ӨКҚ-нің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте облыстық Бас санитарлық дәрігердің орынбасары Жанар Досымбаева мәлімдеді.
— Облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жаңа Қаулысына сәйкес, СПА орталықтары, жаттығу залдары, фитнес орталықтары, спорттық – сауықтыру орталықтары, бассейн, қоғамдық монша, сауна, сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін, маникюр, педикюр қызметін көрсететін орталықтар мен салондар қызметіне, қалалық және қоғамдық жағажайлар, аквапарктер, демалыс орындарының қызметіне тыйым салынады, — деді облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары Жанар Досымбаева.
Бұдан бөлек жабық ғимараттардағы азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмысына да тыйым салынған. Ал азық-түлік емес дүкендердің жұмысына сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін «үйге жеткізу» қызметі бойынша рұқсат берілген. Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып үй жанындағы азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер қызметіне сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін рұқсат етілген.
Қоғамдық тамақтану объектілерінің, аспаздық және кондитерлік өнімдерді дайындау және сатумен айналысатын ұсақ — бөлшек сауда объектілерінің, зоодүкендердің қызметіне де тыйым салынады. Алайда оларға тек «үйге жеткізу» қызметі бойынша сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін қызмет ете алады.
— Тұрғындарға қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті болып табылады. Қаулының бұл бөлігі міндетті түрде орындалуға жатады. Қандай да бір талап сақталмаған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, — деп түсіндірді Жанар Досымбаева.