Алкоголь мен темекі құжатсыз сатылмайды

Қазақстанда алкоголь және темекі сату ережелері өзгерді: енді сатушылар тұрғындардан, тіпті, зейнеткерлерден құжат сұрауға міндетті. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сататын адамдар жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге міндетті екені жазылған.
— Егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сатудан бас тартуға міндетті, — делінген құжатта.
Мұндай норма алкоголь сатушыларға да қатысты жазылған. 110-баптың 18-тармағында егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, алкогольді өнімді сатудан бас тартуға міндетті екені айтылған.
Яғни, бұрын сатушы клиенттің белгілі бір жасқа келгеніне сенімді болу керек болса, енді сатып алатындардың бәрінен жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті.