Шекара қызметі жастарды жұмысқа шақырады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті өңірдің 18-30 жас аралығындағы азаматтарын жұмысқа шақырады. Бұл туралы департамент бастығының орынбасары Жұмахан Әбілбеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті 2020 жылдың наурыз айында құрылды. Аталған департаментінің бөлімдері мен бөлімшелері Исатай, Құрманғазы аудандарында және Дамба елді мекендерінде орналасқан.
— ҰҚК ШК Атырау облысы бойынша департаменті өңірдегі жастарды әскери қызметке шақырады. Әскери қызметшілерге жыл сайын барлық жағдай жасалып, мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, қолайлы әлеуметтік пакеттер бар. Атап айтсам, міндетті зейнетақы жарналары мен салық аударымдарынсыз ай сайынғы жәрдемақы. Қызмет кезеңінде қызметтік тұрғын үймен де қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес (әскери қызметке шақырылған күннен бастап) тұрғын үй төлемдері жасалып, жинақтау нәтижесінде тұрғын үй төлемдері арқылы Қазақстанның кез келген аймағында тұрғын үйді ипотекамен сатып алуға болады. Әскери қызметке келген жас сарбаз қажетті киім-кешектермен қамтамасыз етіліп, тегін медициналық көмек, санаторий курорттық емдеу мүмкіндіктеріне ие болады. Сондай-ақ, әскери қызметші 47 жастан бастап зейнетке шығады. Бұл әлеуметтік пакеттер Шекара қызметі қатарына шақырылған әскери қызметшілердің барлығына бірдей беріледі,-деді Ж.Әбілбеков.
Әскери қызметке барғысы келетін азаматтардың денсаулығы әскери қызметке жарамды болуы қажет.