«Атырау» телеарнасының директоры тағайындалды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың шешімімен бұл қызметке осы уақытқа дейін «Caspian news» телеарнасында продюсерлік қызмет атқарған Талғат Өтеғұлов тағайындалды.

44 жастағы жаңа басшыны ұжымға басқарма төрайымының орынбасары Азамат Кеңесұлы таныстырды.

Талғат Өтеғұлов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Журналистика» мамандығы бойынша аяқтаған. 2020 жылдан күні бүгінге дейін «Caspian News» телеарнасының продюсері болды, әрі жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы міндетін қоса атқарды.

Өңірдегі ірі-ірі деген мұнай-сервис компанияларында қоғаммен байланыс бөліміне жетекшілік етіп, продакшн-студияларды құрды. 6 жыл бойы «Хабар» агенттігінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі болды. Ал еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстан» РТРК Ақтөбе филиалында жаңалықтар қызметінің тілшісі, диктор болып бастаған.

«Казақстан» РТРК Атырау облыстық филиалын 2022 жылдың ақпанынан күні бүгінге дейін басқарған Гүльвира Бекқұлиева қызметтен өз еркімен кетті.