Атырауда 5 қызметкер жұмыс орнында қаза тапты

Атырау облысында жыл басынан бері 5 жұмысшы қаза тауып, жетеуі ауыр жарақат алған. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, жыл басынан бері азаматтардан 762 шағым түскен. Оның 726-сы қаралып, 313 азаматтың еңбек құқығы қорғалған.
Еңбек инспекторларының жұмыс берушілермен ынтымақтаса әрекет етуінің нәтижесінде 27 жұмысшының 3,2 млн. теңге жалақысы өндіріліп, жұмыскерлермен еңбек шарттары жасақталған. Ал шағымдар негізінде, сондай-ақ, жоспарлы түрде 80 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 135 дерегі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою үшін 67 ұйғарым енгізіліп, 39 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң талабын бұзушыларға 14,2 млн. теңге айыппұл салынып, оның 4,9 млн. теңгесі өндірілген.
Жұмыс орындарында жазатайым оқиғалардың орын алуы өндірістік жұмыстың жеткіліксіз ұйымдастырылуы, жарамсыз көліктер мен қондырғылардың пайдаланылуы мен қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан.
Жыл басынан бері осындай жағдайлардың кесірінен 5 жұмысшы қаза болып, 7 жұмысшы ауыр дене жарақатын алған. Осы деректерге қатысты арнайы тергеу құжаттарын құқық қорғау органдары тексеруде.