Д.Әбеуов: Атырауда 229 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды

Атырауда 229 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына келіп түскен шағымдарды зерделеу барысында 184 тексеру жұмысы жүргізілген. Оның 45-і шетелдік жұмыс күшін тартатын ірі кәсіпорындарға қатысты. Нәтижесінде, еңбек заңнамасын бұзған 229 факті анықталып, 81 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл туралы Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбеуов баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Биыл Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасына 1567 өтініш тіркелген болатын. Оның ішінде 1417 өтініш қаралып, 864 азаматтың еңбек қатынастары бойынша конституциялық құқықтары қорғалды. Заңсыздықтарды жою үшін арнайы 99 ұйғарым енгізіліп, 81 әкімшілік хаттама толтырылды. 2234 азаматқа құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді Д.Әбеуов.

Баспасөз брифингінде Д.Әбеуов тұрғындарға еңбек шарты туралы ақпарат беріп өтті.

— Еңбек шарты — қызметкер мен жұмыс беруші арасында жазбаша түрде жасалатын келісім. Сол еңбек шартының ішінде жұмыскердің құқығы, міндеттері жазылады. Жұмысқа тұрған күннен бастап міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс. Егер еңбек шарты жасалмаған жағдайда жұмыскер өз құқығын қажетті дәрежеде қорғай алмайды. Егер азамат жұмыс барысында қандай да бір еңбек заңнамасын бұзған жағдайларды байқаса, еңбек инспекциясына хабарласуға немесе Атырау қаласы, А.Пушкин көшесі, 163 мекен-жайында орналасқан еңбек инспекция басқармасына келіп шағымдануға құқылы. Оған қоса үйден шықпай-ақ «e-otinish» мобильді қосымшасы арқылы арыз жіберуге болады, — деді Д.Әбеуов.