Атырауда өзбекстандық әйел сіңлісін жезөкшелікке мәжбүрлеген

«Атырауда туған сіңлісін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Өзбекстан Республикасының тумасы анықталды» деп хабарлайды «Батыс-Инфо».

Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өзінің 1998 жылы туған сіңлісін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Өзбекстан Республикасының тумасын анықтаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

«Бастапқы тексеру іс-шаралары барысында 2021 жылдың мамыр айында күдікті жәбірленушіні Ташкент қаласынан Шымкент қаласына, содан кейін Атырау қаласына алып келіп, азық-түлік дүкенінде сатушы болуды ұсынғаны анықталды. Бірақ келгеннен кейін құжаттарын алып, физикалық күш көрсеткен және оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр» деді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Осыған ұқсас факті Ақтөбе облысында да белгілі болған. Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, бопсалау арқылы 17 жастағы колледж студентін жарты жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға тартқан 2004 жылғы ақтөбелік  ұсталған.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 134-бабы (Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» деді ведомствоның өкілі.

 

Фото www.inform.kz сайтынан алынды,