Мемлекет басшысы Атырау облысына назар аударды
Онлайн форматта өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты.
Мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атап өтті.
– Жалпы өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10 пайыздан асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20 пайызға жетті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен.
Мемлекет басшысы Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндамаларды тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атады. Ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.
– Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.