Жолдардың температурасы мен ылғалдылығы бақыланады

Биыл Қазақстан жолдарында температура мен ылғалдылықты анықтайтын 20-дан астам құрылғы орнатылады. Соның бірі Атырау облысына да тиесілі. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің жол саласына жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды қолға алған Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының және ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК мамандары жол құрылымы мен топырақ негізінің температурасы және ылғалдылығын бақылау бойынша жобаны жүзеге асыруды жалғастыруда.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы директоры Б.Мұқашовтың айтуынша, қазір Ақтөбе–Атырау тасжолы учаскесінде 2,5 метр жол қазылып, әр деңгейге 50 см сайын арнайы құрылғылар қойылды. Ол жылдың төрт мезгілінде ауа-райының өзгеруіне байланысты жолдың қалай жұмыс атқаратынына сараптама жасайды. Толық нәтиже 2-3 жылда шығады.

Былтыр Шу айналма жолы, Омбы–Майқапшағай және Ақтөбе–Атырау автомобиль жолдарының учаскелерінде алғаш рет температура мен ылғалдылықты бақылау жүйесі орнатылған еді. Құрылғылар жол құрылымдарының су-жылу режимі параметрлерін автоматты түрде жинақтауды жүзеге асырады. Содан кейін алынған мәліметтер бақылау орталығына жіберіледі. Аталған зерттеулер ғалымдарға елдің әртүрлі аймақтарында климат пен жүктемені ескеру, қайта құру және жөндеу технологиясын түзетуге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде қаржылық шығындарды айтарлықтай төмендетеді.