Жылыойда «Сервистік әкімдік» фронт-офисі ашылды

Атырау облысы əкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті және «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұсынысымен Жылыой ауданында «Сервистік әкімдік» фронт-офисі жаңадан іске қосылды.

Салтанатты тұсау кесу рәсіміне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт және Жылыой ауданы әкімі Халел Жамалов қатысты.⠀
«Сервистік әкімдік» мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерді бір жерге орталықтандыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Шаруасы қауырт тұрғын аудандағы бөлімдерді іздеп сабылмай, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қажетті қызметке бір жерден қол жеткізе алады.

«Сервистік әкімдік» фронт-офисі аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Онда қызмет алушы үшін арнайы электронды кезек залы, келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi желісі мен арнайы e-gov порталына кіре алатын компьютер жұмыс жасайды.

Бастысы, бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін қайталамайды. Негізгі ұстаным – қызмет алушы үшін әкімдік ғимараттарында жайлы жағдай туғызу.