Болашақ ұстаздар ең жоғары шәкіртақы ала бастады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмалары қалай орындалуда екенін мәлімдеді.
Министрдің хабарлауынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мамыр айындағы отырысында білім мен ғылымды дамыту мәселелері негізгі тақырып болған. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және шәкіртақы мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайту тапсырмасын берген. Өткен жылы шәкіртақы мөлшері 21 мың теңге болса, Президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өсті. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің шәкіртақы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр.
Бұл барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғарғы шәкіртақы. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы шәкіртақыны ала бастаған.
Сондай-ақ, осы жылдың маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілген.
– Педагог мәртебесі туралы заңды қабылдаудың және атқарылған шаралардың арқасында биыл «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе өсті, ал көптеген бағыттар бойынша орташа балл 100-ден асты. Егер бірнеше жыл бұрын педагогикалық мамандыққа түсушілердің орташа балы 65 болса және педагог мамандығы түлектер арасында көп сұранысқа ие болмаса, қазір жоғары балл жинаған мықты түлектер педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсе бастады, – дейді ол.
Асхат Аймағамбетов, сонымен бірге, ҰҚСК қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар аясында докторанттардың шәкіртақысы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өскенін жеткізді.