ХҚКО-на кезекті мобильді қосымшамен алуға болады

Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Мамандандырылған ХҚКО-ға кезекті eGovMobile қосымшасы арқылы тапсырыс беруге немесе қайта брондауға болады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ол үшін ең жақын орналасқан ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ны және келуге ыңғайлы күн мен уақытты таңдау керек. Қызметті пайдалану үшін eGovMobile қосымшасының «Арнайы қызметтер» бөлімінде «Кезекті онлайн брондау» дегенді таңдау қажет.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, ХҚКО-на кезекті брондауды барынша жеңілдету аталған қызметті жүзеге асырудағы басты мақсат болды. Пайдаланушылардың компьютерге әрдайым кіруге мүмкіндігі болмайтынын және қосымша арқылы кезекке тұру ыңғайлы әрі жылдам болғандықтан, қызметті қосымшаға шығару туралы шешім қабылданған.
Сондай-ақ, қосымшада бірнеше қызметті таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қазақстандықтар бір рет бару үшін үш қызметке дейін ала алады. Егер азаматқа бірнеше қызмет алу керек болса, келу мақсатын таңдап, «Бірнеше қызметтер беру» тармағын белгілеу қажет. Содан кейін брондау кезінде оған көп уақыт бөлінеді.
Бұдан басқа, қосымшада азаматтар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» жаңа қызметін пайдалана отырып, өздерінің әлеуметтік есептемелерін тексере алады. Анықтаманы бірнеше минут ішінде алуға болады.
Қосымшада Электрондық үкіметтің 70-тен астам сұранысқа ие қызметі және цифрлық құжаттардың 6 түрі іске асырылады. ЕGovMobile мобильді қосымшасы GooglePlay және AppStore-да жүктеуге қолжетімді.