Қайырымдылық марафоны онлайн өтеді

Пандемияға байланысты Атырауда марафон форматы өзгеше түрде ұйымдастырылып, 22 қыркүйек пен 31 қазан аралығында онлайн түрде өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Марафонға «INFINITY FITNESS» клубына барып тіркеліп, жеке реттік нөмір алады. Қатысушы өзі қалаған жерде көрсетілген күндер аралығында жүгіріп, нәтижесін ұйымдастырушыларға жібереді.
– Биылғы жылы әдеттегідей халықтың басын қосып, ауқымды шара өткізудің реті болмай отыр. Сол себепті марафон тек онлайн форматта өтеді. Бұл жерде жеңімпаздар анықталмайды. Басты мақсат жарыс емес, ең алдымен өз-өзімен күрес, карантин кезінде тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, – деді ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Ринат Ибрагимов.
Әдеттегідей марафон жас ерекшеліктері бойынша түрлі қашықтықта өтеді. 10 – 15 жас аралығындағы балалар арасында 2 немес 3 айналым болса, 16 жастан жоғары жасөспірімдер үшін 8 айналым. Балаларға қатысу тегін. Алғаш болып тіркелген 10 – 15 жас аралығындағы 450 балаға және 16 жастан жоғары 700 жасөспірімге естелік медальдар беріледі.
Ал ересектер арасында онлайн жүгіріс аптаның кез-келген уақытында өз қалаулары бойынша 10, 21 және 42 шаршы метр қашықтықта өткізілу жоспарлануда.
Биылғы жарна көлемі ересектерге – 1000 тг. Белгіленген уақытта қашықтықты бағындырған жандар өз нәтижелерін ұялы телефондағы жүктелген қосымшасы арқылы ұйымдастырушыларға жолдап, естелік медальмен және сертификатпен марапатталады.
Марафоннан жиналған барлық қаражат «Атырау – шағын мемлекет» қоғамдық бірлестігіне табысталады.