Қызыл үй елдімекенінде 41 оқушы штаттық режимде білім алуда

Исатай ауданының Қызыл үй елдімекеніндегі мектепте 41 оқушы штаттық режимде білім алуда. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Мектеп директоры Қабыл Ғұбашевтің айтуынша, өткен жылы пайдалануға берілген 80 орындық мектепте 1 – 9 сыныптардың 41 оқушысы білім алып жатыр. Карантин жағдайына байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанынының оқу жүйесінде ауылда интернет жоқтығына байланысты қиындықтар болған. Оқушы санының аздығына байланысты мектептердің штаттық режимге өтуі – ауылдағы интернет қиындығын жеңілдеткен.

Мектепте робототехника, биология, көркем еңбек сыныптары соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған. Оқу ордасының ер балалары еңбек пәнінде станоктарды пайдаланса, қыз балалар ұстаздары Майдагүл Хайруллинаның тәжірибесімен іс машинасын пайдаланып, маска тігуді үйреніп жүр. Бір айдың ішінде қызылүйлік оқушылар жүзге жуық маска тігіп үлгерген.
– Тігіншілік, аспаздық мамандыққа арналған құралдардың мектептерге келуі оқушылардың мамандық таңдауына септігін тигізіп отыр. Қазірдің өзінде 8 – 9 сыныптың арасында тігіншілік мамандыққа түсуге ниет білдіргендер бар, – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллина.

Қызыл үй елдімекенінің іргетасы 1957 жылы қаланып, Чапаев совхозының ферма орталығы болған. Ауыл халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады.
Мұнда қазір мектеп, кітапхана, клуб, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Заманауи мектеп 2019 жылы НКОК компаниясының демеушілігімен салынған. Онда оқушылар 9 сыныпқа дейін оқиды.