Министр шатырдағы шәкірт туралы пікір білдірді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернетке байланысты шатырға көтерілген Атырау облысы Ескене ауылының оқушысы жайлы айтты.
– Әлеуметтік желілерде нақты бір елдімекенде интернет жоқ, оқу мүмкін емес, адамдар сол үшін үйдің төбесіне шығады деген және басқа да ақпарат тарады. Жағдайды түсінгенмен, біз бүкіл республика бойынша интернет мәселесін бір күнде шеше алмаймыз. Ескене ауылындағы тұрғындар саны өте аз, – деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, бұл бала жақын маңдағы интернатта білім алуы керек екен. Алайда күндізгі оқудан бас тартқан оқушылардың бірі болған. Мұндай жағдайда ең жақын теміржол стансасынан интернет тартылмақ.