17 мыңнан аса азамат әскерге аттанады
Биыл күзгі шақырылымда 17 мыңнан астам азамат әскерге аттанады. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді.
– Азаматтарды әскерге шақырудың күзгі науқаны басталды. Жергілікті атқарушы органдар құрған медициналық және әскерге шақыру комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Қыркүйектен желтоқсанға дейінгі аралықта Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарына 17 мыңнан астам 18– 27 жас аралығындағы ер азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр, – деді Сәкен Жүсіпов.
Сондай-ақ, күзде көктеммен салыстырғанда әскерге шақырылушыларға ПТР-тест екі рет жүргізілетіні белгілі болды. Алғашқысы – әскерге шақырылып, жиын-пунктінде жүрген кезінде, екіншісі – жас буын әскери бөлімдерге келген кезде алынады. Әскерге шақыру кезінде және жиын-пункттерінде әскерге шақырылушылар және медициналық комиссия мүшелері медициналық маскалармен және бактерияға қарсы құралдармен қамтамасыз етілді.