«Сервистік әкімдік» фронт офистері іске қосылады

Қыркүйекте Атырауда облыс, қала және аудан әкімдіктерінде «Сервистік әкімдік» фронт офистері іске қосылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сервистік әкімдік» мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерді бір жерге орталықтандыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Шаруасы қауырт жан қала немесе аудандағы бөлімдерді іздеп сабылмай, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қажетті қызметке бір жерден қол жеткізеді.
Бастысы, бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін қайталамайды.
«Сервистік әкімдік» фронт офистері әкімдік ғимаратының бірінші қабатында орналасады. Онда қызмет алушы үшін арнайы электронды кезек залы, келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi желісі мен банкомат, төлем және арнайы e-gov порталына қосылған терминал, әкімдіктің тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс істеуі үшін open space залдары жұмыс жасайды.
Фронт офистер қызметін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кураторы Нұрлан Таубаев қадағалайды.