2 жыл бой тасалап жүрген алаяқ ұсталды

Атырау полицейлері 2018 жылдан бері іздеуде жүрген алаяқтық қылмысқа күдікті 35 жастағы қала тұрғынын ұстады.
2018 жылдың қараша айында полицияға алданып қалған азамат арызданған. Алаяқ көлік және контейнер сатамын деп оның сеніміне кіріп өзі мен танысынан 400 000 теңге ақшаны қолма-қол алып, телефон қоңырауын көтермей хабарсыз кеткен.
Атырау қаласы Полиция басқармасының жедел уәкілдері алдымен қылмысқа күдікті 1985 жылғы азаматты анықтаған. Тексеру барысында оның өзіне тиісті емес біреудің мүлкін сатпақшы болғаны да белгілі болды.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланды.
Жақында полицейлер 2 жылдан бері бой тасалап қашып жүрген Атырау тұрғынын Орал қаласынан ұстады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.