200-ге жуық отбасы пәтерлі болды

Атырауда 200-ге жуық отбасы жаңа қонысқа көшті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, апатты жағдайдағы Достық-1, Геолог ықшамауданындағы №65 және 66-жатақханалардың, Бірлік ықшамауданында орналасқан АТП-3 мекенжайының тұрғындары жаңа пәтерге ие болды.
Осылайша 200-ге жуық отбасы «Береке» ықшамауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйге қоныс аударды. Жаңа пәтерлер тұрғындардың жекеменшігіне беріледі.
Бөлім мамандарының айтуынша, Атырауда апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатақханалардың тұрғындарын көшіру кезең-кезеңімен іске асуда.
Өткен жылы А. Құнанбаев №13, Достық №14 және Ж. Досмұхамбетов, М.Әуезов көшелеріндегі 2 жатақхана мен №22 үйдің тұрғындары көшірілген болса, биыл жыл басында АТП-1, АТП-2 мекенжайындағы 2 үйдің тұрғындары да жаңа баспанаға қол жеткізген.