Қысқы маусымға дайындық талқыланды

25-тамыз күні коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға дайындығы мен «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырын жөндеу жұмыстары туралы жиналыс өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Абай Шаңғытбаевпен қатар коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.
Облыс әкімдігінің биылғы 28-мамырдағы №92 «Атырау облысының аумағында 2020 – 2021 жылдардың күзгі – қысқы кезеңінде нысандардың жұмысқа дайындығы туралы» қаулысымен облыстық ведомствоаралық комиссия құрылып, ол бойынша нақты іс-шаралардың жоспары бекітілген еді.
Бүгінде барлығы 1 737 көппәтерлі тұрғын үйден – 1 402 тұрғын үй, 409 білім беру нысанынан – 392 нысан, 147 денсаулық сақтау нысанынан – 135 нысан гидравликалық сынақтан өтті. Жалпы жылу беру маусымына 5,7 млрд.теңге қаражат бөлінді. Жергілікті кәсіпорындар мен мекемелер жылу беру маусымына дайындық шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Атырау ЖылуЭлектрОрталығы» АҚ-ның негізгі қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Осы жылдың 1 – 14-қыркүйегі аралығында «Интергаз Орталық Азия» АҚ Магистралды газ құбыры «Атырау» басқармасымен «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары кезінде жол бойындағы бірнеше аудандар мен ауылдардың газбен қамтылуы тоқтайды.
– Осы уақыт аралығында тұтынушыларды электр қуатымен тоқтаусыз қамтамасыз ету үшін «Атырау Жылу Электр Орталығы» мазут отынын жағу арқылы өз жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан жөндеу жұмыстары кезінде тұтынушыларға электр мәселесі жағынан келеңсіз жағдайлар туындамайды және жиында көтерілген мәселелердің барлығы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың жеке бақылауында, – деп атап өтті Нұрлан Таубаев.