Оңалту орталықтары жұмысын бастады

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырауда коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдарға арналған алғашқы оңалту орталықтары жұмысын бастады.

Атырау қаласындағы 6 спорт кешенінде реабилитолог мамандар алғашқы жаттығу ем шараларын бастады. Қала халқының басым бөлігі тіркеуде тұрған №1 және №5 Атырау қалалық емханаларының емделушілері «Ривьера» дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ем-шараларын қабылдауда.
№1 Атырау қалалық емханасының дәрігер-эпидемиологы Өміргүл Қостаеваның айтуынша, коронавируспен ауырған көптеген науқаста әлсіздік байқалады. Сондықтан ағзаны қалпына келтіру өте маңызды. Оның әртүрлі жолдары бар. Соның ішінде гимнастикалық жаттығудың пайдасы зор.
– Оңалту жаттығуының мерзімі – 10 күн. Жаттығуларды таңертеңгі мезгілде 15 – 30 минут жасаймыз. Дене жаттығуы науқастардағы стрессті, мазасыздықты немесе депрессияны жеңу бағытында өте қажет, – деді Өміргүл Қостаева.
Алғашқы жұмыс күнінде-ақ, «Ривьера» спорт кешеніндегі оңалту орталығы 40-тан астам астам емделушіні қабылдады.
Атырау облысы бойынша короновирус инфекциясының пневмония түріне шалдығып, сауығып шыққан 5 714 адам қазіргі кезде оңалту шарасын қажет етеді. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша 4 194 емделуші тізімде тұр. Қалған 1 520 адам аудандар бойынша тіркелген. Олар жергілікті жердегі дене шынықтыру спорт кешендерінің алаңқайларында ұйымдастырылған оңалту шараларына қатысуда.