Қашықтан бірыңғай қайталау сабақтары өтеді

25 – 28-тамыз аралығында қашықтан бірыңғай сабақтар өтеді. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.
Сабақ өткен материалды қайталап, жаңа оқу жылына дайындалу үшін 2 – 11-сыныптар арасында ұйымдастырылады.
– Оқу процесі бұған дейін әр мектеп таңдаған интернет-платформаларда қашықтан өткізіледі. Сабақ 10:00-де басталады, ұзақтығы – 20 – 40 минут. Кестеге негізгі пәндер енгізілген, – деп мәлімдеді министрлік.
2 – 4-сыныптарға 2 – 3 сабақ, 5 – 8-сыныптарға 3 – 4 сабақ, 9 – 11-сыныптарға 4 – 5 сабақ өткізу ұсынылып отыр. Бірінші және екінші күні, яғни 25 – 26-тамызда балалардың білімі тексеріліп, сабақта бұған дейін өткен материал қайталанады. Тест пен жаттығулар жасайды. Үшінші және төртінші күні алғашқы екі күн нәтижесі бойынша жаттығулар беріледі.
Еске сала кетсек, 19-тамызда Қазақстан мектептерінде бірыңғай педагогикалық кеңес, ал 20-тамызда бірыңғай ата-аналар жиналысы өтті. Оқу жылы 1-қыркүйекте басталады. Білім күні тарихта алғаш рет онлайн өтеді.