Түркияға рейстер қайта жанданады
27-тамыздан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты жолаушылар рейстеріндегі шектеулер алынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін, COVID-19-дың таралу жағдайына байланысты түрік тарапы 2020 жылдың 5-тамызынан бастап Қазақстаннан Түркияға жолаушылардың кіруіне шектеулер енгізген болатын.
Министрлік екі ел арасындағы рейстерге қойылған шектеулерді алып тастау мәселесі бойынша түрік тарапымен жұмыс жүргізді.
– Түркияның авиация билігінің айтуынша, шектеулерді алып тастау мәселесі Түркияның Денсаулық сақтау министрлігімен үйлестіріліп және COVID-19 таратылуының тұрақтануы мен жақсаруын ескере отырып, түрік тарапы Қазақстаннан Түркияға жолаушылардың кіруіне шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады, – делінген хабарламада.
Рейстер Қазақстан мен Түркияның санитарлық-эпидемиологиялық нормаларына қатаң сақтай отырып және әуе компаниялардың сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.