«Таза Қазақстан» іс-шарасы жалғасуда

Атырау облысы аумағында полицейлер экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын-алу және жолын кесу мақсатында Экология департаменті өкілдерімен бірлесіп, рейдтік шаралар жүргізуде.

Өткен екі күнде тәртіп сақшылары белгіленбеген жерлерде суға түсу, жағалауларда, талдың тасасында ішімдік ішу, өзен-көл жағалаулары мен тоғайларда демалыс ұйымдастырып, отырған орындарын бүлдіру, қоқыс қалдықтарын тастау бойынша 12 факті анықтап, 15 адамға әкімшілік хаттама толтырып, 6 адамға ескертулер жасады.

Жайық өзенінде жүрген катерлерді қызық көріп, тереңдіктен қорықпай,толқынға қарсы жарыса жүзетін балалардың ата-аналарына қатысты да хаттамалар толтырылды.

«Таза Қазақстан» жедел профилактикалық іс-шарасы 23-тамызда басталды. Бүгінге дейін Атырау полицейлері экологиялық құқық бұзушылықтарға қатысты облыс бойынша 604 әкімшілік хаттама рәсімдеп, оларға 1 миллион 537 мыңнан астам айыппұл салынды.
Аталмыш шара 30-тамызға дейін жалғасады.