Жоғалған жауынгердің портреті мен құжаттары табылды

Чехославакия аумағында 1941 жылы із-түссіз жоғалып кеткен атыраулық майдангер Темірәлі Сәрсенғалиевтің портретінің көшірмесі мен құжаттары табылып, туыстарына табысталды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Темірәлі Сәрсенғалиев – 1922 жылы Гурьев облысы, Теңіз ауданының Жамбыл колхозы, Мұратов ауылдық кеңесінде дүниеге келген. «Қызыл Жұлдыз» және Сталининградты минадан тазартудағы еңбегі үшін «Отан соғысының ІІ дәрежелі» ордендерімен марапатталған.
Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушының құжаттары мен портреті Ресейдің Волгоград қаласындағы мұражайдан табылған. Табылған заттарды жауынгердің туған-туыстарына Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тапсырды.
Оның сөзінше, майданнан оралмаған азаматтар туралы деректерді жинақтаумен «Атамның аманаты» қоғамдық қоры айналысып жүр. Бүгінде аталған қор көрші елдің «Поисковое движение России» қоғамдық бірлестігімен меморандумға қол қойған. Жерлесіміздің суреті мен құжаттары осы екі жақты серіктестіктің нәтижесінде табылды.