Облыс бойынша 1 446 кезекші сынып ашылады
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, биыл 170 мектепте 1 446 кезекші сынып ашылып, оларға 21 мың 637 оқушы барады. Пандемия жағдайына байланысты сыныпішілік қауіпсіздік шаралары қатаң түрде сақталады.
— Мектептер залалсыздандыру құрал-жабдықтарымен толық қамтылды. Үнемделген қаражатқа тепловизорлар алынып жатыр. Сондай-ақ, шалғай 17 елді мекеннің бастауыш сынып оқушылары көлік тасымалымен қамтамасыз етіледі, — деді брифинг барысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.⠀
Барлық білім беру үйымдары оқулықтармен 20-тамызға дейін толық қамтамасыз етіледі.
— Қазіргі кезде баспалардан оқулықтар кестеге сәйкес алынып жатыр. Тамыз айының 20-на дейін білім беру ұйымдары оқулықтармен толық қамтылады, — деді облыс әкімі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырауда оқулық сатып алу үшін жалпы саны 19 баспамен арада 110 келісім шарт жасалды.