Карантин режимін сақтамау азаймай тұр

Жергілікті полицейлер 5-шілдеден бері Атырау облысы аумағында шектеу шараларының 1 596 рет бұзылғанын анықтады.
Карантин режимі талаптары мен шектеулердің сақталуын бақылау мақсатында 11-шілдеден бастап өңірде құрамында әкімдік, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының өкілдері, сондай-ақ, полиция қызметкерлері бар мобильді топтар құрылып, жүйелі түрде тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Облыс орталығы мен 7 ауданда өткен рейдтер барысында азық-түлік дүкендері, кафелер, көлік жуу орындары, көлік жөндеу орталығы, тегершік жөндеу шеберханалары және қызметі уақытша тыйым салынған, шектелген және санитарлық талаптарды міндетті түрде сақтай отырып рұқсат етілген басқа да объектілер тексерілді.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев мәлімдегендей, бүгінде мобильді топтар 900-ден астам түрлі заңбұзушылықтарды анықтаған.
Облыста 1–12 тамыз аралығында 359 карантин режимін бұзғандар тіркелген, олардың арасында, санитарлық талаптарды сақтамаудың 21 фактісі, сондай-ақ, шектеулерге қарамастан өз қызметін жалғастырған 43 дүкен мен салынған тыйымдарды орындамаған екі сауна, 2 көлік жуу орны бар.
Сонымен қатар, отбасылық мерекелер өткізген сегіз дерек анықталды. Оның екеуі – Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының екі тұрғыны. Әрқайсысы 40–50-ден адам шақырып, той өткізген.
Анықталған барлық деректер бойынша жинақталған іс-құжаттар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.