Атырауда балалар арасында кавасаки синдромы тіркелмеді

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кавасаки синдромы жұқпалы дерт емес.
— Кавасаки синдромы – тамырішілік жүйелік қабыну. Бұл 5 – 15 жас аралығындағы балаларда кездеседі. Бірақ, ауру мың баланың ішінде бір балада немесе он мың баланың ішінде бір балада тіркелуі мүмкін.
Тағы бір ескерерлігі, отбасы мүшелерінің бірі коронавируспен ауырған жағдайда, сол жанұяның балаларында кавасаки синдромы кездесуі мүмкін, — дейді Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері Балалар бөлімінің меңгерушісі Марат Шуақбаев.
Оның айтуынша, кавасаки синдромының алғашқы белгісі – бірінші күні дене қызуы 39–40 градусқа дейін көтеріледі, екінші күні баланың бетіне бөрітпе шығады.
— Уақытында ем қабылдамаса бөрітпе аяқ-қолға да тарап, мойын ісінеді. Төртінші – бесінші күндері дене қызуы жалғасып, бала басын бұра алмайтын, жағын аша алмайтын жағдайға жетеді. Бұл жердегі ата-ананың міндеті балада осындай белгі пайда болған жағдайда, дәрігер шақыру,— дейді Марат Шуақбаев.
Кавасаки синдромының белгілері пайда болған жағдайда жалпы қан талдауы, қанның қоюлығын немесе сұйықтығын қалыптастыратын зерттеу және белокқа анализ тапсыру қажет.
— Бір күн ішінде дайын болатын осы қан талдамаларын тапсыру арқылы, ем қабылдауға болады. Денсаулықтың кепілі – күннің көзі, су, ауа, тамақ. Осы балансты қалыпқа келтірген жағдайда, баланың иммунитеті жақсарады, — деп нақтылады дәрігер Марат Шуақбаев.