Кезекші сыныпқа 21 мың өтініш түсті ⠀

Атырау облысында 21 мың оқушыға ата-аналар тарапынан кезекші сыныптарда оқу бойынша өтініш келіп түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жаңа оқу жылында қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін облыстағы 170 мектепте кезекші сыныптар жұмысы жүзеге аспақ. ⠀
— Жаңа оқу жылы кезекші сыныптарда оқушылар 170 мектепте 140 сынып жиынтығында оқиды деп жоспарлап отырмыз. Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Бүгінгі күні ата-аналар тарапынан 21 мың өтініш келіп түсті, — деді облыстық Білім беру басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Алмагүл Қайырлиева.

Кезекші сыныптарда бастауыш сынып оқушыларымен қатар шағын комплектілі мектептің оқушылары да оқи алады. Бүгінде облыс көлемінде 14 шағын комплектілі мектеп бар. Жаңа оқу жылы сол 14 мектептен 880 оқушы дәстүрлі бағытта сабақ оқиды деп жоспарланып отыр.