Дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры ашылды

Атырау облысында дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры ашылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Олардың мәліметінше, тұрақтандыру қоры дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды 4 миллион 800 мың теңгеге сатып алған. Бұл мақсатқа 500 миллион теңге бөлінген. Соңғы екі аптада 100 тонна дәрілік препарат әкелінген. Облыс әкімдігінің қолдауымен препараттарды аудандарға жедел жеткізу мәселесі шешілді.
Алдағы екі күнде тағы 40 тонна дәрілік зат келеді деп жоспарланып отыр. «Атырау» ӘКК және үлестіруші компания 40 түрлі дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қорын құру туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» қоймасынан дәрілік заттар апта сайын үздіксіз жеткізілмек.
— Атырау облысының әкімдігі және «Атырау» ӘКК бірлесіп, тұрақтандыру қорын құрды. Оған жыл соңына дейін 4 миллион 800 мың орама дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді. Дәрінің 900 мың орамасы — төмендетілмейтін қалдық. Бүгінгі таңда өңірдегі қоймаларға 240 миллион теңгеге 688 мың орама жеткізілді. Алғашқы жеткізілімді ТШО компаниясының ұшағы әкелді. Оның 50 миллион теңгелік дәрі-дәрмегі мен медициналық өнімі Индер, Жылыой аудандарына жіберілді. Енді Құрманғазы ауданына да жөнелтілмек. Ал қалған аудандар дәрі-дәрмекпен жақын арада қамтамасыз етіледі, — деді «Атырау» ӘКК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Данияр Таханов.