Атырауға шетелдік 35 отбасы көшіп келді

Биыл Атырау облысына шет мемлекеттерден 35 отбасы, 47 адам көшіп келді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Мұнайлы астанаға қоныс аударған этникалық қазақтардың басым көпшілігі Өзбекстан Республикасынан, нақтырақ айтқанда, 25 отбасы, 35 адам келген. Ал Қытайдан келген 8 отбасы, 10 адам және Украинадан келген 2 отбасы, 2 адам біздің өңірге тұрақтаған.

— Олардың «Оралман мәртебесін беру туралы» өтініштері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының «Халыққа қызмет көрсету» арқылы келіп түсті. Құжаттары қаралып, оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта барлығы облыстағы қала, аудандарға орналасты, — деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.