Тұрғындар атыс қарулары мен оқ-дәрілерін тапсырды

Атырау облысының тұрғындары шілдеден бері өз еркімен жергілікті полиция бөлімдеріне 40-қа жуық атыс қаруының түрлері мен 100-ден астам оқ-дәрі тапсырды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ерікті түрде тапсырғандарға сыйақы ретінде республикалық қазынадан 1 млн. 700 мың теңге төлеу көзделіп отыр.
— Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруларымен жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу. Акция кезінде өздігінен заңсыз сақталған құралдарын тапсырғандар қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Азаматтарға сыйақы ҚР Ішкі істер министрінің «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес төленеді, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.