Құрбан айтта блок-бекеттер қойылмайды
Атырауда азаматтардың қозғалысы үшін блок-бекет орнатылмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева Құрбан айт мерекесі кезінде Атырау аумағына кіру ережелерін түсіндірді.
— Бірнеше жерде Атырауда Құрбан айт мерекесі кезінде блок-бекеттер орнатылады деген жалған ақпарат шықты. Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Онда 31-шілде мен 2-тамыз аралығында ірі қара мен ұсақ малдарды қалаға әкелуге тыйым салынады деп нақты айтылды, — деді Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева.
Қаулыға сәйкес, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің полиция департаменті мен аумақтық инспекциясына 31-шілде сағат 00:00-ден 2-тамыз сағат 20:00-ге дейін Атырау қаласына кіре берісте мал әкелуге жол бермеу және жолын кесу бойынша бекеттер ұйымдастыру тапсырылған.
— Адамдар мен көлік құралдарының қозғалысына ешқандай шектеулер жоқ. Бірақ шектеу шаралары мереке және демалыс күндері қолданылатынын ескертеміз. Осы орайда, тағы да қайталап өтейін азаматтардың қозғалысы үшін блок-бекеттер орнатылмайды, — деді Жанар Досымбаева.