Атырауда медицина қызметкерлеріне мұқтаждық бар

Атырау облысында COVID-19 індетімен күреске 2 мыңнан аса медицина қызметкері жұмылдырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінде облыстағы дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесі шешімін табуда. Ол үшін ішкі ресурстарды пайдалану туралы шешім қабылданып, медицина факультетінде оқитын жоғары курс студенттері пандемиямен күреске тартылды.
Өткен демалыс күндері Атырау облысына Батыс Қазақстан медицина университетінің 32 түлегі, еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан атыраулық 102 интерн мен резидент келді. Қалған 70 дәрігер бір айдың ішінде келеді деп күтілуде.
Бұған дейін өңірімізге Ақтөбе облысынан 8 дәрігер, Ресей Федерациясынан 11 дәрігер келген еді. Қазір олар облыстағы медициналық мекемелерде қызмет атқаруда.
Алайда Атырау облысы әлі де 278 медицина қызметкеріне мұқтаж.