3,7 млн. теңгені бюджетке қайтарды

Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірдің туристік логотипін жасау конкурсынан бас тартып, оған бөлінген 3,7 млн. теңгені бюджетке қайтаруға шешім қабылдады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
ҚР Үкіметінің туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Облыстың туристік логотипін жасау» қызметі қарастырылған. Ондағы мақсат — өңірдің брендін және ұранын дайындаудың мақсаты, өңірде ішкі туризмді дамыту, өңірдің информациялық алға жылжыуына жәрдемдесу.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биылғы 15 маусымда «Атырау облысының туристік логотипін жасау» жөніндегі мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс жарияланып, оның бірінші кезеңінде қатысушы болмаған. «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес 14 шілдеде екінші рет ашық конкурс тәсілімен қайтадан жарияланды. Алайда, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік сатып алу бойынша жоспарланған туристік логотипті жасақтауды қысқартып, оған бөлінген 3,7 млн теңгені бюджетке қайтару туралы шешім қабылдап отыр.