«Атырау-ақпараттың» басшысы өзгерді

«Атырау-ақпарат» медиахолдингіне басшы болып Ысқақ Егембердиев тағайындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жаңа басшыны ұжымға Атырау облысы әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
Ысқақ Егембердиев 1983 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары.
2000–2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген. Одан кейін 2005–2007 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Қарағанды облысы Жезқазған қаласының «Сарыарқа», «Мысты өңір» газеттерінде тілші болып бастаған.
2003–2004 ж.ж. «Қазақ университеті», «Жас Алаш» газеттерінің тілшісі қызметтерін атқарған.
2005–2019 жылдар аралығында «Хабар» агенттігінде сценарист, редактор, шеф-редактор, продюсер, жоба жетекшісі болып еңбек еткен.
2019 сәуірінен бастап «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарып келді.