Оқушылар мен студенттер қыркүйекте де қашықтықтан оқиды

Қазақстанда оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқиды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Үкімет отырысындағы сөзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ең бастысы – балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы екенін жеткізді.
— Осыған қарай келесі шешімдерді ұсынамын: біріншіден, шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық м,ектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізу, — деді ол.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктеріне 1 қыркүйектен бастап орта мектептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, ЖОО мен колледж студенттері де қыркүйекте қашықтан оқиды.

— Колледждер оқу жылын қашықтан оқу форматында бастайды. Алыстағы ауылдық елдімекендердегі колледждерге егер эпидемиологиялық жағдай қолайлы болса, дәстүрлі форматта оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береміз.

Жоғары білім бойынша оқыту қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылады. Зертханалық жұмыстар, докторантура, өндірістік оқыту, кәсіби тәжірибе үшін дәстүрлі формат бойынша оқыту ұйымдастырылады, — деді ол.