Есірткі өсірген атыраулық ұсталды

Атырау облысының тұрғыны өз ауласында қарасора есірткі өсімдігін өсіріп келген. Бұл туралы Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
– Атырау қаласының маңындағы Химиктер поселкесінің тұрғыны үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктің 4 түбін өсірген. Полиция қызметкерлері есірткі шөбін ауланы тексеру кезінде тапты. Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен (құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Қарасора-2020» рейді басталғалы полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 296-бабының 2-бөлігі және 300-бабы бойынша 10-нан астам дерек анықтаған.
– Биылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2020» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымын анықтап, жабайы қарасораның заңсыз саудасына тосқауыл қою, – дейді Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.