Науқастарға арналған орындардың 90%-ы бос емес
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысындағы инфекциялық стационардың жұмысымен онлайн-режимде танысты. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникация қызметі хабарлады.
Министр Алексей Цой кеше Атырау облысындағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін №2 облыстық аурухана мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын онлайн-режимде аралаған.
Денсаулық сақтау министрі қабылдау бөлімінің, ауыр науқастарға арналған реанимация мен инфекциялық бөлімшенің жұмысымен танысты.
№2 облыстық ауруханада COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттер үшін арнайы 180 орын дайындалған. Қазіргі уақытта арнайы қойылған төсек-орындардың 90%-ы бос емес, ол жерде 162 науқас ем алуда.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қабдықапаров атап өткендей, ауруханада 100 орын оттекті консоль мен 12 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, өңір басшысының қолдауымен қосымша ИВЛ аппараттарын алу жоспарлануда.
— Қосымша тағы 30 ИВЛ аппараты мен демеушілік көмек аясында оксигенацияға арналған 100 аппарат сатып алу жоспарда бар. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданы үшін де компьютерлік томография аппаратын сатып аламыз. Және де 90 орынға арналған стационардың қосымша корпусын салу жұмысы да алға қойылды, — дейді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Министр инфекциялық стационарда жатқан ем алушылармен тілдесіп, тез арада сауығып кетулерін тіледі.
Ал облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлерімен өткен онлайн кездесуде, Атырауда қазіргі таңда 42 жедел жәрдем бригадасының тәулігіне шамамен 1100-1200 шақыру қабылдап, науқастарға қызмет көрсететіні және оларға артылған жауапкершілік пен жүктеменің екі есеге артқаны аталып өтті.
Сонымен қатар, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының базасында Атырау облысының халқына консультациялық көмек көрсету мақсатында 103, 109 және 112 нөмірлері бойынша тәулік бойы call-орталығы жұмыс жасауда. Мұндағы медицина қызметкерлері күніне орташа есеппен алғанда 240 өтінішке жауап береді.
Онлайн-жиынды қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысында жылжымалы әмбебап бригадалардың жұмысын күшейтіп, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу бойынша жұмыстарды қолға алуды ұсынды. Және министр инфекциялық стационардан амбулаториялық емдеуге көшкен науқастарға ерекше назар аударуды тапсырды.