Дәрілер он есе қымбатқа сатылған

Денсаулық сақтау министрі өңірлерде дәрі-дәрмекті қымбатқа сататын алыпсатарлардың әрекетіне қалай шектеу қойылып жатқанын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

— Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылды. Қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар да дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысына белсене атсалысуда. Олардың бәрі мемлекет бекіткен шекті бағаны қадағалайды. Баға көтеру жағдайлары көп. Сонымен қатар, бізге құқық қорғау органдары да көп көмек көрсетуде. ІІМ қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды тексерісті бастады. Бірнеше күнгі тексерістерде әлеуметтік желілердегі дәрі-дәрмек пен маскалардың спекулянтты саудасына баса мән берілді, — деді министр бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша дәрі-дәрмекті қымбатқа қайта сатудың бірнеше жағдайы тіркелген.

— Мәселен, Атырауда медикаменттер, тіпті, косметологиялық клиникада сатылған. Құқық қорғаушылар дәрілердің лицензиясыз сатылып жатқанын анықтады. Заңсыз сауданы клиниканың басшысы ұйымдастырған. Онымен қоймай, ол дәрі бағасы ресми шектен бірнеше есе көп болған. Мысалы, 5 мың теңгелік Ингавирин үш есе қымбатқа, ал Парацетамол 10 есе артық бағамен қымбатқа сатылған. Клиникадан 5 мың қаптама тәркіленді, — деді Алексей Цой.