Қандастардан келген көмек

Атырауға Ресейдің Астрахан облысында тұратын қандастарымыздан 1 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атыраулық волонтер Назгүл Нәжікенованың мәліметінше, гуманитарлық көмек Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Қандықов пен «Қазақ мәдениетін дамыту» қорының төрағасы Эдуард Ысқақовтың бастамасымен жиналған. Көрші елдегі қандастар Атыраудағы ауруханамен байланыс жасап, қажетті медикаменттер тізімін алған.
— Бүгін Атырау облыстық кардиологиялық орталыққа 20 мың медициналық маска, 500 литр дезинфекциялық сұйықтық, 1 мың инфузиондық система, 1 мың медициналық дәке, 300 қорғаныш костюмі, түрлі медикаменттерді тапсырдық, — деді волонтер Назгүл Нәжікенова.
Көрші елдегі қандастарымыздың бастамасына Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин қолдау білдірген. Сонымен қатар, бұл игілікті іске Астрахандағы шешен қоғамдастығының мүшелері де атсалысқан.