«Жас Отбасы» бағдарламасы іске қосылды

Елімізде 1-шілдеден бастап жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабар таратты.

«Жас отбасы» бағдарламасының шарттары бойынша, жаңадан отау құрған ерлі-зайыптылар бастапқы және қайталама нарықтан пәтер ала алады немесе жер учаскесін сатып алып, үй тұрғызуға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама шеңберінде қатысушыларға 6 жылдан 9 жылға дейінге мерзімде несие беріледі.
– Осы бағдарлама бойынша алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6 пайызға тең, одан кейін ол 5 пайызға дейін төмендейді. Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі де Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақта сатып алатын пәтер бағасының 50 пайызын жинауы керек. Салым саларда, яғни, депозитті ашар кезде, ерлі-зайыптының некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. Ал ерлі-зайыптылардың жасына және отбасындағы балалардың санына ешқандай шектеу жоқ, – деп түсіндірді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалы.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 2019–2020 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалы арқылы 935 атыраулық ипотекалық несие алатын мүмкіндікке ие болған.