«Нұрлы жол» жырлы жолға айналды

Биыл «Ақтөбе–Атырау–Астрахан» тасжолының 154 шақырымы пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар 160–220 «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысы жалғасуда. Жолдың 60 шақырымындағы жұмысты жолшылар жоспарға сәйкес орындап жатқан көрінеді.
Қазіргі таңда мұнда ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол жабындысының төменгі және жоғарғы қабаты жаңартылуда. Аталмыш жұмыс аяқталған соң ені 9 метрді құрайтын қозғалыс бөлігі бар тасжол ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендіріледі. Жолдың осы учаскесіндегі жұмыстарға шамамен 175 адам мен 116 техника жұмылдырылған. Жол учаскесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Todini Costruzioni GeneraliS.p.A.» мердігерлік компаниясы, техникалық бақылау шараларын «ConsultEnginering» және «ZS Enginering» компаниялары жүзеге асыруда.
Жалпылай алғанда, биыл «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолының Ақтөбе облысы аумағындағы 154 шақырымында көлік қозғалысы басталмақ. Бұл – жолдың 160–220, 236–275 және 275–330 шақырымдар аралығы.

Негізі, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Ақтөбе–Атырау–Астрахан» тасжолы алғашқы жоспар бойынша 2018 жылы басталып, 2020 жылдың соңында толықтай пайдалануға беріледі делінген. Бірақ осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс жол құрылысы әзірге байқалмайды.

 

Сурет интернеттен алынды*