Науқастар Махамбет ауданына жөнелтілмек
Атырау жұқпалы аурулар ауруханасында науқастарға орын жоқ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева онлайн брифингте хабарлады.
— Скрининг пен тексеру кезінде анықталып жатқан қауіпті дертті жұқтырғандар саны көбеюде. Соған байланысты жұқпалы аурулар ауруханасы толып қалды. Аурухана 180 төсекке есептелгенмен қазір ол жерде 193 науқас емделуде. Оның жетеуі жансақтау бөлімінде, үшеуі өте ауыр халде жатыр. Келесі аптада біз Махамбет ауданында емделуге арналған төсек-орындар ұйымдастырамыз. Науқастардың бір бөлігі сол жерге жіберіледі, — деп мәлімдеді Г.Таңбаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек , медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдері жеткілікті. Қазір аурухана қызметкерлері бірнеше рет пайдалануға болатын обаға қарсы киім киіп жүр. Мұнай компаниялары мен ірі ҮЕҰ көмегімен жеке қорғану заттары сатып алынған. Олар медицина қызметкерлерінен бөлек алғы шепте жүрген полиция, СЭС және т.б. қызметкерлеріне бөліп таратылды.