Биыл 3 мыңнан астам студент ЖОО аяқтайды

Биыл облыстағы 3 жоғарғы оқу орнын 79 мамандық бойынша білім алған үш мыңнан аса студент бітіреді деп күтілуде. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды.
Өңірде түлектердің білім алған кәсібі бойынша бірден жұмысқа орналасуы мақсатында «жастар практикасы» қарастырылған.
Мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірбиесінен өтуге жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген кез-келген жас түлек өтініш бере алады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» үшінші бағыты шеңберінде жүзеге асатын «жастар практикасына» биыл 1140 адамды жіберу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай іс-тәжірбиелік шаралар жастардың қабілетін шыңдап, алға бағыттайды.
— «Жастар практикасына» жолдама алу үшін міндетті түрде тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыссыздық есебіне тіркелу қажет және өздерімен бірге жеке куәлігі мен білімі туралы құжат болуы шарт. Кейін біз олардың білім беру ұйымдарында алған кәсібіне сәйкес, мекемелерге жұмысқа орналастырамыз, — деп түсіндірді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік көмек басқармасы.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығынан 240 жас жастар практикасына жіберілді. Алдыңғы жылы осындай шара бойынша 1325 адам жолдама алып, олардың 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Өңірде үш жоғарғы оқу орнынан бөлек, 8 жекеменшік, 17 мемлекеттік колледжді 4 мыңнан астам студент аяқтайды.