Маса мазаны алмайтын болады…

Облыс орталығын масадан тазарту жұмыстары екі ауысымда үздіксіз атқарылуда, — деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласының климаттық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, зиянкестерге қарсы күрес биыл сәуір айының басында басталып кеткен еді.
Этномолог маман Айнагүл Дәулетьярованың айтуынша, қаладағы дезинсекциялық жұмыстарға 6 бригада жұмылдырылған. Олардың екеуі таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін көп қабатты үйлердің жертөле кіреберістерінде зиянкестермен уласа, қалған төрт бригада кешкі сегізден түнгі сағат екіге дейін қала көшелерінде, ашық су қоймаларында, саябақтарда, мәдениет және демалыс орындарында, сондай-ақ, қала маңындағы ауылдық округтерде тазалау жұмыстарын жүргізетін көрінеді.
Тұрғындардың жұмыс барысымен танысып, тексерулері үшін, мамандар әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашқан.
⠀ — Біздің жұмысымызды қалалық әкімдік пен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан бөлек, тұрғындар да бақылауда ұстайды. Егер тұрғындар тарапынан улау жұмыстарына қандай да бір көңілтолмаушылық болса, Telegram-чатқа жазуына, жұмыс барысын тексеруіне мүмкіндігі бар, — дейді Айнагүл Даулетьярова.
Бүгінге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелері мен кіреберістеріне дәрілеу жұмыстары жүргізілген.