Атыраудағы айлалы масамен күрес – күрделі жұмыс

Облыс орталығында маса улаудың 7-нші сатысы жүргізілуде. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға маса улау жұмыстары күрделене түскен. Өйткені, адам қанымен қоректенетін қансорғыш экологияның кез-келген жағдайына тез бейімделеді. Соның салдарынан маса улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді екен.
Соңғы уақытта жаңа «мистраль» препараты қолданысқа еніп жатыр.
– Бүгінде жаңа препараттың экологиямызға әсерін зерттеп жатырмыз. Яғни «Мистраль» дәрісінің күші өте жоғары.Сол себепті, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы «бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада бұл дәрілік зат тәжірибеден оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта, жаппай улаудың 7-нші сатысында жүрміз, әлі 8, 9, 10-ыншы кезеңі бар, – дейді, биолог-энтомолог маман Айнагүл Дәулетиярова.
Еске сала кетейік, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты «AG Disinfection services» мердігер мекемесі дезинсекциялық жұмыстарды наурыз айында бастады. Міне, содан бері бүгінге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелері мен кіреберістері қансорғыштардан тазаланып келеді.
Айта кетейік, ПИК қызмет етпейтін «иесіз» үйлерге дезинсекция жұмыстары сенбі-жексенбі күндері жүргізілсе, ПИК қызмет ететін тұрғын үй секторлары жұмыс күндері рет-ретімен уланады. Ал жеке тұрғын үй секторлары, ауылдық округтер әр күн сайын, белгіленген кесте бойынша кешкісін залалсыздандырылады. Сонымен қатар, мамандар әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашып, тұрғындармен үнемі байланыста болуды әдетке айналдырған.