Жаңалықтар - 27.10.2023

36500 қазақстандық халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған

Астанада «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-қатерлер, инновациялар және перспективалар» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Қазақстанның мемлекеттік органдарының, «Атамекен» ҰКП-ның, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының өкілдері, т.б. сондай-ақ отандық ірі кәсіпорындар, оның ішінде Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші ​​– «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) қатысты.

Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының (ККЖ-ҰЕҚБЖ) бөлігі болып табылатын Үшінші буын зауытының құрылыс жұмыстарының шарықтау кезеңінде шамамен 90 000 қазақстандық жұмысшы еңбек етті. Оның ішінде 36 500-ден астам қызметкер оқудан өтіп, қазақстандық және халықаралық стандарттар бойынша сертификаттарға ие болды. Жаңа зауытта жұмысты аяқтаған мамандар өз білімі мен тәжірибесін Қазақстандағы және шетелдегі басқа жобаларда сәтті қолдануда.

Дегенмен, Еңбек министрлігінде бұл шаралар жеткіліксіз деп есептейді: «Алдағы 5 жылда тұрақты жұмыс күші үшін жыл сайын 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады. Сонымен қатар, жұмыс орындарын құру қарқыны өсіп келе жатқан халықтың сұранысын жеткілікті түрде қанағаттандырмайды», – деді Светлана Жақыпова

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз сөзінде ұсынылған экономикалық ынталандыру шараларын іске асыру нәтижесінде мыналарға қол жеткізу күтілетінін атап өтті: сапалы жұмыс орындарының саны 2,1 млн-нан немесе 2023 жылы жұмыспен қамтудың жалпы құрылымындағы барлық жұмыс орындарының 32%-нан 3,6 млн-ға немесе 2030 жылға қарай 45%-ға дейін. Сапалы жұмыс орындарының орташа жылдық өсу қарқыны 8%-ды құрап, 1,5 миллион адам табысын орташа жалақыдан жоғары көтереді.

S&P Global халықаралық сараптамалық агенттігінің зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы Теңіз кен орнын игеру ТШО-дағы әрбір жұмыс орнына ел экономикасында қосымша 41 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов: «2018 жылдан бастап ККЖ-ҰЕҚБЖ Қабілеттерді дамыту және кәсіби-техникалық мамандықтарға оқыту тобы (Craft Training) «АПЕК Тренинг орталығын» NCCER (National center for construction education and research) халықаралық аккредитациясын алу үшін дайындық жүргізді. 2021 жылдан бастап ККЖ-ҰЕҚБЖ-да 3000-ға жуық жоба қызметкерінің тиімді дала тобы (бригада) жетекшісінің дағдыларын дамытатын «Топты басқарудың негіздері» (CREW Leadership) курсы ашылды», деп мәлімдеді.

Бүгінгі таңда ТШО-ның негізгі қызметіндегі қазақстандық жұмысшылардың үлесі 1993 жылғы 50%-бен салыстырғанда 95%-ға өсті. Сонымен қатар, 1993 жылдан бері Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдер бүгінгі күнге дейін 186 миллиард АҚШ долларын құрады, оның ішіне қазақстандық жеткізушілерден 45,6 миллиард АҚШ долларын құрайтын тауарлар мен қызметтерді сатып алу кіреді.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО