Атырауда ұстаздар ұлықталды
Бүгін Ұстаздар күні мерекесіне орай «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
— Ұстаз — бұл өте қасиетті әрі биік мамандық десек артық емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаз дәрежесін көтеру үшін педагогтардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдады. Ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі — мұғалімнің қолында. Сіздердің бүгінгі атқарған еңбегіңіз — ұлтымыздың ертеңгі болашағы. Өйткені жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беретін өздеріңіз. Сондықтан да еңбектеріңіз өлшеусіз. Алдарыңызда басымызды иіп, алғыс білдіреміз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Атыңызды оздырар шәкірттеріңіз көп болсын,-деді С.Шәпкенов.
Мерекелік шарада Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 4 қазандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен, 1 мың айлық есептік көрсеткіштегі ақшалай сыйақымен Индер ауданы, Жарсуат орта мектебінің мұғалімі Ардақ Қайырлиева марапатталды.
Жиында өңірдің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ұстазға Оқу-ағарту министрінің Құрмет дипломы мен Алғыс хаты, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Салтанатты шарада Серік Шәпкенов бірнеше сала ардагеріне «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, «Үздік педагог» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын 300 айлық есептік көрсеткіштегі ақшалай сыйақымен марапаттады.